Шымкент қаласының Прокуратурасы 2019 жылды қорытындылады. Нәтижесінде, 737 жұмысқа қабілетті сотталғандардың 614-і ақылы жұмыспен қамтылғаны белгілі болды.
Шымкент қаласы Прокуратурасы 2019 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз жиынын өткізді, -деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Брифинг барысында сөз алған қала прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау саласына тоқталды.
2019 жылы қала аумағындағы криминогендік ахуал 16,1%-ға төмендеген. Атап айтқанда, қасақана адам өлтіру 38,7%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 40,8%-ға, тонау 35,5%-ға, есірткінің заңсыз айналымы деректері 28,3%-ға кеміген.
Қала прокурорының орынбасары Берген Ержаппар мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу саласы бойынша өткен мерзімде бірінші сатылы соттарда прокурорлардың қатысуымен барлығы 1885 іс қаралғанын атап өтті.
Осы мерзім ішінде қалалық прокуратурамен кассациялық тәртіпте наразылық келтіру жөнінде 28 адамға қатысты 25 өтініш хаттар келтірілсе, оның 12 адамға қатыстысы Жоғарғы Сотпен қанағаттандырылған.
Үкімдердің орындалуын қадағалау саласында сотталғанды жұмыспен қамту жағдайы 83,3% құраған. Сонымен қатар, 737 жұмысқа қабілетті сотталғандардың 614 ақылы жұмыспен қамтылған.
2019 жылдың 12 айында 231 тексеру мен талдау нәтижесінде 36 854 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалып, 825 тұлға түрлі жауаптылыққа тартылған, мемлекетке 585 млн. теңге өндірілген. Бұл туралы қоғамдық мүдделерді қорғау саласына тоқталған қала прокурорының орынбасары Мұхамеджан Бахтияр мәлімдеді.
Өткен жылы прокуратурамен жалпы сомасы 6,5 млрд. теңгеге салық төлеуден жалтару мақсатында 31 «бір күндік фирмалар» арқылы жалған шот-фактураларды жүзеге асырумен айналысқан қылмыстық топ құрықталған. Нәтижесінде прокуратура бастамасы негізінде басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша мемлекетке 88 млн. теңге шығынды өндіру қамтамасыз етілді.