ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданында 22 көше жарықтандырылады

0
485

Әл-Фараби ауданында 404 көшенің 103-і толық жарықпен қамтылса, 301 көше жарықтандыруды қажет етеді.


ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданында 22 көше жарықтандырылады

Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында 22 көше жарықтандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында 404 көшенің 103-і толық жарықпен қамтылса, 301 көше жарықтандыруды қажет етеді. Биылдың өзінде ауданда 22 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қала әкімдігінің @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.
Бүгінде ауданның шалғай елді мекендері саналатын Ақтас,195 және 276 орамдарда инфрақұрылым мәселесі ретімен шешімін тауып келеді. Мәселен, 195 орам және Ақтас-2 шағынауданында жалпы 5,2 шақырым жолға шағал тас төсеу қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 195 орамда 5 көше, Ақтас-2 шағын ауданында 4 көше жөнделуде. Сондай-ақ, 195 орамда газ құбырларын тарту жұмыстары қатар атқарылуда. Ал ауыз су және жарықтандыру мәселелері толық шешімін тапқан.
Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданындағы 7 көшеге жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жоспарға сәйкес «Сәуле» шағынаудандағы 2 көшеде және орталық аумақтағы 3 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, «Түркістан» көшесінен А-2 жолына дейін, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары және Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелеріндегі қиылысқа айналма жол салу жұмыстары қолға алынған.
Ақтас-2 және 276 орамда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес Ақтас-2 шағынауданындағы ауыз су құрылысы 2021 жылдың қарашасында аяқталуы тиіс. Ал осы жылдың маусым айында басталған 276-шы орамдағы ауыз су құрылысы келесі жылға өтпелі. Аталған жұмыстар аяқталса 276 орамда 260 үй, ал Ақтас-2 шағынауданында 45 үй сапалы ауыз сумен қамтылмақ.
Аудан әкімі тікелей эфир барысында тұрғындардың инфрақұрылым және әлеуметтік салалар бойынша сауалдарына жауап берді.