ШЫМКЕНТ: Әлеуметтік және жекеменшік нысандарға тексеру жүргізілді

0
736

Ауданда 29 әлеуметтік және жекеменшік нысандарды аралау барысында 5 нысан стандартқа сай еместігі анықталып, ескертпе жасалды.


ШЫМКЕНТ: Әлеуметтік және жекеменшік нысандарға тексеру жүргізілді

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кезекті түсіндіру жұмыстары Әл-Фараби ауданында орналасқан нысандарға жүргізілді. Ауданда 29 әлеуметтік және жекеменшік нысандарды аралау барысында 5 нысан стандартқа сай еместігі анықталып, ескертпе жасалды. Нысан иелері 1 ай уақыт көлемінде айтылған ескертпелерді назарға алып, 2023 жылдың 30 маусымына дейін ережеге сай талаптарды орындауы тиіс.

"Жоғарыда аталған Заңның 25 бабының 3 тармағына сәйкес, «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ортақ пайдаланылатын тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергісіз кіріп-шығуына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға міндетті делінген». Аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексіне сәйкес шара қолданылатынын хабарлаймыз. Осыған байланысты өз нысандарыңызды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы пандус, таймайтын төсеніш, шатыр, тірек, кіре беріс есіктеріне кедергісіз табалдырықтар, санитарлық-гигиеналық тораптар, арнайы автотұрақ орнатуыңызды сұранамыз", - делінген әкімдік жазбасында.

Айта кетейік, Шымкентте этнос өкілдері тығыз шоғырланған тұрғын алаптардағы кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуына мониторинг жүргізіліп, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндеріндегі тілдік нормалардың сақталуына бақылау жасалды.

Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мұрындық болып отыр.

Аталмыш топ мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде орналасқан тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін жарнама өнімдері мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерге және олардың сауатты орналасуына, халықа сапалы қызмет көрсету тілі мен сапасына мониторинг жүргізеді.