​ШЫМКЕНТ: арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді лицензиялау мәселесі талқыланды

0
143

Жиын барысында лицензия алуда кездесетін кедергілер талқыланды.


​ШЫМКЕНТ: арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді лицензиялау мәселесі талқыланды

Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға лицензия беру мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Амантай Мейрамов, Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басшылары қатысты.
2024 жылы Шымкент қаласында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 орталық және басқармамен келісімшарт негізінде 8 үкіметтік емес ұйым мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті.
Министрліктің 2024 жылғы 28 маусымдағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы №230 бұйрығына сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық орталық лицензия алуы тиіс.
Жиын барысында лицензия алуда кездесетін кедергілер талқыланды. Мемлекеттік мекемелер қажетті құжаттарды жинақтап, лицензиялауға сәйкестендірілген. Алайда, үкіметтік емес ұйымдардың кейбірі министрлік бекіткен талаптарға сай келмеуіне байланысты лицензия алу мәселесі күрделі болып отыр.
ҮЕҰ басшылары жиында лицензияға қажетті құжаттарды кезең-кезеңімен реттеуге мүмкіндік беруді ұсынды.
2024 жылы Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйымдардан 150 мүгедектігі бар бала мен ересек азамат қызмет алды. Егер ҮЕҰ лицензия алу талаптарына сай келмесе, ондағы қызмет алушы ерекше жандарды мемлекеттік әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бөлісу