​ШЫМКЕНТ: «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» аурудың алдын алуға мүмкіндік береді

0
48


​ШЫМКЕНТ: «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» аурудың алдын алуға мүмкіндік береді

Шымкент қаласында өткен "Ашық есік күні" аясында жүздеген тұрғынға тегін медициналық кеңес пен диагностикалық қызмет көрсетілді.

Қаланың ірі емханалары – №1, №3 және №9 медицина мекемелерінің дәрігерлері «Орталық» саябақ, «Бекжан» автобекеті мен «Бақыт» сауда орталығында қабылдау өткізіп, медициналық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетті.

Шара барысында педиатр, кардиолог, неврапатолог, офтальмолог сияқты бейінді мамандар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер азаматтардың денсаулығын тексеріп, қажетті кеңестер берді. Тексеру кезінде бірқатар созылмалы аурулар да ерте кезеңінде анықталды. Мәселен, жасы 50-ге таяған қала тұрғынының қан қысымы мен қант мөлшері күрт көтерілгені белгілі болып, медицина қызметкерлері оған дер кезінде көмек көрсетіп, жоспарлы ем алуға бағыттады. Игі шараны «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалы ұйымдастырды.
— Біз медициналық қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында осындай көшпелі акцияларды жиі ұйымдастырамыз. Кейде адамдар емханаға баруға уақыт таппайды немесе жағдайы қиын екенін сезбей жүреді. Ал бұл шаралар ауруды ерте анықтау мен алдын алуға мүмкіндік береді, - дейді ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден.
Шара барысында Қор филиалының өкілдері халыққа МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады.
Бөлісу