Жалдамалы тұрғын үйге арналған төлемдер табысы күнкөріс деңгейінен төмен әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған азаматтарға ұсынылады.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен онлайн қабылдауда баспанаға қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, әр азаматтың жеке мәселесін заң аясында қарастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау жүзеге асырылады. Бұл мәселеге қатысты қазірдің өзінде тұрғындар арасында көптеген сауалдар туындауда.
Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар бұл - ҚР азаматтығы болуы шарт. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы керек. Сондай-ақ, тұрғынжайға мұқтаж азамат санатында есепке қойылып, мәртебесін растауы және тұрғынжайды жалға алу шарты қажет. Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар «Отбасы банк» АҚ-на жүгіне алады.