Пациент бірнеше жылдан бері созылмалы бүйрек ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрып, гемодиализ емін қабылдап келген.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада бүйрек трансплантациясының кезекті, 255-отасы сәтті орындалды.
Созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған пациентке туыстық донордың бүйрегі жоспарлы түрде ауыстырылды.
Пациент бірнеше жылдан бері созылмалы бүйрек ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрып, гемодиализ емін қабылдап келген. Негізгі диагнозы – тубулоинтерстициалды нефрит салдарынан дамыған созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі.
Отаға дейін донор мен реципиент медициналық хаттама талаптарына сәйкес қажетті тексерулерден толық өтті. Сонымен қатар ағзаны трансплантациялауға заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті келісімдер алынды.
Күрделі медициналық процедура сәтті аяқталып, отадан кейін донор мен реципиент қарқынды терапия және реанимация бөліміне ауыстырылды. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты, негізгі көрсеткіштері қалыпты деңгейде. Реципиентте бүйрек қызметінің ерте қалпына келе бастағанын көрсететін жақсы диурез байқалады.
Қазіргі уақытта пациенттерге операциядан кейінгі емдеу және медициналық бақылау шаралары тиісті хаттамаларға сәйкес жүргізілуде. Дәрігерлер олардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Шымкент қаласының медицина мамандары ағзаларды трансплантациялау бағытындағы жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі жетілдіріп, күрделі диагнозы бар пациенттерге заманауи ем алу мүмкіндігін кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Бүйрек трансплантациясының 255-отасының сәтті жасалуы қала медицинасының осы бағыттағы тәжірибесі мен кәсіби әлеуетінің қалыптасқанын көрсетеді.


