ШЫМКЕНТ: экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда

0
80

Қалдықтарды басқару саласында да ірі жобалар жүзеге асырылуда.


ШЫМКЕНТ: экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда

Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау, су нысандарын абаттандыру және қалдықтарды тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлы мәлімдеді.

Қала аумағы арқылы ұзындығы 20,1 шақырым болатын Қошқар ата өзені ағып өтеді. Қазіргі таңда өзен жағалауын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Елтай тұрғын алабында төтенше жағдай салдарын жою және монолитті канал салу жұмыстары қолға алынған. Жобаға сәйкес «Елтай» каналының 910 метр арнасын бетондау және 1 700 метр Г-тәрізді латок орнату көзделген. Жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Қалдықтарды басқару саласында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт салу бойынша SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING KAZAKHSTAN CO., LTD компаниясымен инвестициялық келісім жасалды. Жоба 2026–2028 жылдары іске асырылып, тәулігіне 1 000 тоннаға дейін қалдық өңдеуге мүмкіндік береді. Зауыттың электр энергиясын өндіру қуаты 24 МВт болып, 80 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда жобаға бөлінген 12 гектар жер учаскесі инвесторға беріліп, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу жұмыстары қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жетілдіру мақсатында Clean Village ЖШС-мен 10 жыл мерзімге келісім жасалды. Жоба аясында жылдық қуаты 300 мың тонна болатын қалдықтарды сұрыптау зауытын салу үшін 8 гектар жер телімі сенімгерлік басқаруға беріліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Нысанды 2027 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Экологиялық бақылау бағытында да нақты шаралар қолға алынған. Ағымдағы жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштық түсірілімдері негізінде қала аумағында 30 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, олардың барлығы толық тазартылды. Қайта пайда болуына жол бермеу үшін бетон блоктар мен басқа да шектеу құрылғылары орнатылды.
Бөлісу