5 көше жарықтандырылады.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамытуға арналған 5 жылдық жол картасы әзірленген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жөнінде аудан әкімі Д.Есілбек қала әкімінің Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алабтарының тұрғындарымен болған кездесуде айтты.
Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылғанын айтқан аудан әкімі Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас инфрақұрылыммен қамтылу жағдайын баяндады. Оның айтуынша, 17 мыңға жуық тұрғыны бар 5 тұрғын алаптардағы халықтың 97,4% ауыз сумен, 95,2% сапалы электр жарығымен және 94,0% табиғи газбен қамтылған екен.
«Қала аумағына қосылғаннан бері елді мекендегі 36 көшеге асфальт төселсе, 30 көшеге шағал тас төселген. Бұқаралық спортты дамыту бойынша Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарында бюджет есебінен 10-дана спорт алаңшасы, 4-дана заманауи кешенді балалар ойын алаңшасы, 5-дана воркаут және тренажер алаңшалары орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілген», - деді Д.Есілбек.
Бұдан бөлек, биылғы жылы бес елді мекендегі 21 көшеге асфальт төселіп, 5 көше жарықтандырылады.