ШЫМКЕНТ: Еңбекші ауданында 30-ға жуық ойын алаңшасы салынып бітті

0
572

Былтыр 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, 11 жеке секторға кешенді балалар ойын алаңшасы салынған.


ШЫМКЕНТ: Еңбекші ауданында 30-ға жуық ойын алаңшасы салынып бітті

Мұрат Әйтеновтың қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында аулаларды абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде деп хабарлайды ERNUR.KZ.

200 мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында орналасқан 283 көп қабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бүгінде 39 көп қабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Оның ішінде 26 аулада балалар алаңшасының құрылысы аяқталып, мердігерлерден қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Былтыр 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, 11 жеке секторға кешенді балалар ойын алаңшасы салынған. Биыл 7 кешенді спорт алаңы соғылуда.
Жалпы бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың келісімімен жасалып жатқан іс. Нысандардың құрылыс жұмыстары бақылауға алынып, сапасы мен уақытылы пайдалануға берілуін қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, әр алаңшаның техникалық жай-күйіне талдау жасайтын қадағалаушы мамандар тартылған. Олар алаңша басталғаннан бастап, аяқталғанға дейін сапасын бақылайды, – дейді инфрақұрылым бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратұнов.
Мамандардың сөзінше, аудандағы ойын алаңшаларын қайта жасақтау, аулаларды абаттандыру жұмысы биыл да жалғасады.

Айта кетейік, Шымкент қалалық Тұран ауданында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Жарқынбеков №17, Бәйдібек би №246, Мангельдин 40, Отырар №52 көп қабатты тұрғын үй аулаларында және Құрсай елді мекеніндегі Құлантөбе, Ұзынағаш көшелерінде, Ақтас және Арғымақ елді мекендерінде құрылыс жұмысы қарқын алды. Бекітілген жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта аудан бойынша 366 ойын алаңшасы бар. 2023 жылдың қорытындысымен, Тұран ауданында барлығы 10 балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады.