​ШЫМКЕНТ: Еңбекші ауданының бюджеті 5 жылда 11 есе өсті

0
525

Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.


​ШЫМКЕНТ: Еңбекші ауданының бюджеті 5 жылда 11 есе өсті

Шымкент қаласы еңбекші ауданының бюджеті 5 жылда 11 есе өсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еңбекші ауданында 313 200-ден астам халық тұрады. Аудан бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 миллиард теңгеден 78,5 миллиард теңгеге өскен.

Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен кезекті есепті кездесуі кезінде мәлімдеді.

Негізгі қаржы көзі - ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері.

Қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істейді. Атап айтқанда, “Оңтүстік”, “Ордабасы” индустриалды және “Оңтүстік” экономикалық аймақтары бар. Ал жаңадан салынып жатқан “Жұлдыз” экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң бұл жерден 60 ірі заманауи кәсіпорын ашу жоспарланғанын жеткізді.

“Осының нәтижесінде 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 3000 жұмыс орны ашылатын болады”, - деді Д. Есілбек.

Кездесу барысында халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауыз су, тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды.

Өз кезегінде аудан әкімі Есбол Досбол Еңбекшідегі 35 елді мекендегі жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын, аулалар мен саябақтарды абаттандыру, көшелер мен жолдардың жөнделген тұстары мен көрсеткіштерін жайлы баяндады.

Айта кетейік, қала әкімі жыл басынан бастап мегаполистегі елдімекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіп, көтерілген 1020 мәселенің әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде бүгінге дейін 500-ге жуық мәселе шешілсе, 377-сі жыл соңына дейін шешімін табатын болады, ал 195 мәселе 2023-2025 жылдар жоспарына енгізілді. Соңғы 9 айда 12 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 200-ден астам азаматтың мәселесі тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шімін тапса, 1 476-сы орындалуда, қалған мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетін болады.