Зертхана жүйелері 60 метрге дейінгі қашықтықта метан газын дәл анықтайды.
ERNUR.KZ. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табиғи газдың шығу қаупін қашықтықтан анықтауға арналған лазерлік технологиялармен жабдықталған зертхананың жұмысымен танысты.
Бұл зертхана заманауи ДЛС-АВТО («Пергам») лазерлік технологияларымен жабдықталған. Мұндай жүйелердің енгізілуі елді мекендерді газдандыру барысында қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Зертхананың басты ерекшелігі – метан газының шығып кету қаупін 60 метрге дейінгі қашықтықта дәл анықтай алу мүмкіндігі. Диагностика толықтай контактсыз жүргізіледі, бұл өз кезегінде жер асты газ құбырларының жағдайын тексеруде тиімді әрі қауіпсіз тәсіл болып саналады. Егер газдың шығу қаупі анықталса, зертхана деректерді жедел тіркеп, жауапты қызметтерге хабарлап отырады. Бұл төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етуге, апатты болдырмауға және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, газдың шығуын қашықтықтан анықтайтын осындай озық жүйені республикада алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласы енгізіп отыр. Бұл – мегаполистің инженерлік жүйелерін дамытудағы жаңа кезең. Әкімдіктің бастамасы қаланың инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жетілдіруге, ең бастысы, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде қалада газдандыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айта келе, қауіпсіздікті сақтау бірінші кезекте тұратынын атап өтті:
– «Қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін газдандыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Алайда кез келген технологияның басты талабы – қауіпсіздік. Сондықтан біз жаңа заманауи мобильді зертхананы іске қосып отырмыз. Бұл құралдың көмегімен газ жүйелерінің жағдайын уақтылы бақылап, тұрғындарға қауіп төндірмей қызмет көрсетуді қамтамасыз етеміз», – деді қала әкімі.
Мобильді зертхана – бұл тек техникалық шешім ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің де көрінісі. Жаңа жүйенің енгізілуі тұрғындардың қауіпсіздігіне деген қамқорлықты, алдағы жылдары газ инфрақұрылымын дамытуда халықаралық тәжірибеге сай қадам жасалып жатқанын көрсетеді.
Шымкент қаласында газдандырумен қатар, осындай инновациялық құралдардың қолданылуы мегаполистің заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы қалаға айналуына ықпал етуде.