Биылғы жылдың 5 айында қалаға 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды.
Биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
– Шымкент қаласы экономикаға тартылған инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы жылдың 5 айында қалаға 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде шаһар экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, инвестиция негізінен құрылыс және өнеркәсіп салаларына бағытталып жатыр. Мәселен өнеркәсіп секторында 16 инвестжоба іске асырылмақ. Жалпы құны 52 миллиард теңгелік бұл жобалар жаңадан 1 мың тұрақты орнын құру көзделуде.
Мұнан бөлек Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.
Брифинг барысында Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент республикалық мәртебеге ие болған 4 жылдың ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға артып, 492,3 миллиардтан 785,4 миллиард теңгеге дейін жеткенін атап өтті. Осы уақыт аралығында шаһарда 2,6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған болса, оның 1 миллион шаршы метрі тек 2021 жылдың үлесінде.
Айта кетейік, Шымкент мегаполис болғалы бюджет көлемі 4 есеге артты. 2022 жылға бюджет көлемі 573,7 млрд. теңгені құрады. Оның 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 21 пайызы даму жобаларына бөлініп отыр. Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қаладағы біршама өзекті мәселелер шешімін табуда. Бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 158 жобаға 3,9 млрд. теңге қаржы бөлінді.