ШЫМКЕНТ: Инвестициялық штаб отырысында 20-ға жуық жаңа жоба таныстырылды

0
472

Ауыл шаруашылығы саласындағы 11 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жоба таныстырылды.


ШЫМКЕНТ: Инвестициялық штаб отырысында 20-ға жуық жаңа жоба таныстырылды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 15 жаңа жоба таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кәсіпкер Абжанов қалада құрғақ құрылыс қоспаларын және лак-бояу материалдарын өндіретін зауыт ашуды көздейді. 500 млн теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 дана өнім болмақ. 2022-2024 жылдары жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады. «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 5 гектар жер телімін беру туралы шешім қабылданды.

«AINUR GROUP» ЖШС-ы 3D панелді өндіру зауытын салмақ. 500 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба жылына 28 мың дана панель шығаруға мүмкіндігі болады. 2022-2024 жылдары жоба жүзеге асырылса 10 жаңа жұмыс орны құрылады. Нарықта жүрген кәсіпорын өндірісін кеңейту мақсатында қала әкіміне индустриалды аймақтан 1 га жер беруді сұрады. Шаһар басшысы жобаны қолдап, тиісті сала басшысына жер беру туралы тапсырма берді.

Қара қорғасын және цемент мыс өндіретін зауыт – 8 млрд теңгелік инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асырылады. Арнайы экономикалық аймақтан 5 га аумақ берілмек. Жылына 8 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын іске қосылса 350 адам жаңа жұмысқа орналасады. Құжаттарын рәсімдеу бойынша тиісті министрлікке өтініш жолданған.

Штаб отырысында мұнан өзге ылғалды майлықтар шығаратын фабрика ашу, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу, жылыжай кешенін салу, балабақша мен жүзу бассейні бар спорт кешені, мектеп салу секілді жобалар қаралды.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы 11 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жоба таныстырылды.

Қала әкімі М.Әйтенов әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.

Айта кетейік, бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Алтынтөбе елдімекенінде орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорынның бірі «Алан и Компания» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

2018 жылы құрылған кәсіпорын 2020 жылдан бастап қарқынды бау егумен айналысып келеді. Бүгінде мекеме иелігіндегі 45 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қарқынды бау егілген. Оның 39,5 гектарында алма, 2 гектарында шабдалы, 2 гектарында алмұрт және 1,5 гектарында жүзім өсіріледі.

2021 жылы кәсіпорын жеміс-көкөністі қайта өңдеу зауытының құрылысын толығымен аяқтап, осы жылы зауыттың жұмысы толығымен іске қосылды. Инвестиция көлемі 1 200 млн. теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы сағатына 7 тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап (джем), шырын сияқты дайын өнімдер шығарылуда. Сонымен бірге 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Ерекше атап өтерлігі, Қазақстанда пектин ұнтағын шығаратын ең алғашқы кәсіпорынның бірі болмақ.

Сонымен қатар, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Кәсіпорын жұмысына қаныққан қала әкімі өнімдердің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына аса мән беру қажеттігін айтты.