ШЫМКЕНТ: қала әкімдігі мен «AITAS KZ» АҚ құс етін терең өңдейтін заманауи зауыт салу жөнінде меморандумға қол қойды

0
116


ШЫМКЕНТ: қала әкімдігі мен «AITAS KZ» АҚ құс етін терең өңдейтін заманауи зауыт салу жөнінде меморандумға қол қойды

Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Aitas KZ» АҚ басшылығымен кездесіп, үшінші мегаполисте құс етін терең өңдейтін заманауи зауыт салу жөнінде меморандумға қол қойды.

«Aitas» холдингі – құс шаруашылығы бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы компания. Республикада өндірілетін құс етінің 43 пайызы осы холдингтің үлесіне тиесілі. Инвестициялық жобаны бірнеше кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 18,6 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 50 мың тонна дайын өнім өндіруге қауқарлы. Құрылыс кезеңінде 100 уақытша, ал іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда «Бозарық» индустриялық аймағынан 5 гектар жер телімі анықталып, компания жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісті.
Қала әкімі инвесторлармен бірге құрылыс кезеңдері мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін талқылау барысында аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің өндірістік тәжірибе алуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
«Жастардың нақты өндірістік жобаларға қатысуы – білікті маман даярлауға және саланың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаны іске асыру қала агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына серпін беріп, халықты сапалы азық-түлікпен қамтуға жол ашады», - деді шаһар басшысы кездесуде.
Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту – әрбір мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі фактор.
Бөлісу