Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Қаратау ауданында орналасқан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің оқу-өндірістік базасы мен оқу корпусының жұмысымен танысты.
Колледж басшылығы білікті маман даярлау мен ауыл шаруашылығы саласында инновациялық жобаларды енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Әкім оқу орнының әлеуетімен танысу барысында түлектерді жұмыспен қамтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға Шымкентте шетелдік инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылатын жобаларға отандық ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын енгізу мәселесін қарастыруды және қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, “Dala Fruit” ЖШС-нің қызметімен танысты. Компания жоғары технологияларды пайдалана отырып, алма өсіру, сақтау және сатумен айналысады. Сондай-ақ бақ шаруашылығы саласындағы әлемдік озық тәжірибені қолданады. Бұл тәжірибе Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін үлгі бола алады.