Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Чинкисбаевамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт салаларында қордың қатысуымен қалада жүзеге асырылып жатқан өзекті жобаларды талқылады.
Сондай-ақ қосымша білім беруді дамытуға бағытталған жоспарлар мен жобалар қаралды. Қордың қайырымдылық бағытындағы бағдарламалары қоғам өмірінің негізгі салаларына оң әсер етіп, олардың дамуына серпін беруде.
Айта кету керек, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу мақсатында қор бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Онкологиялық, онкогематологиялық және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастар үшін дәрі-дәрмектер сатып алынды, бірнеше медициналық мекеме офтальмологиялық жабдықтармен қамтылды.
Сонымен қатар, “Ерте араласу орталығы” мен аутизм және басқа да менталды ауытқулары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды, дәрігерлерді оқыту бағдарламалары іске асырылуда. Шымкент мектептерінде баспалдақтар орнатылып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту құралдары берілді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтардан шыққан 225 студент білім беру гранттарына ие болды. 2022 жылдан бері QH «Тұсаукесер» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жас жауынгер» спорт клубы жұмыс істеп келеді.
Қала әкімі қор басшылығына атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдіріп, алдағы әріптестік жаңа маңызды жобаларға берік негіз боларына сенім білдірді.