2024-2025 эпидемиологиялық маусымында Шымкент қаласында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласының 2024 жылғы эпидемиологиялық жағдайы, сондай-ақ ЖРВИ/тұмау және метапневмовирустық сырқаттанушылық туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Жергілікті билік және денсаулық сақтау мекемелері эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстауға барлық қажетті шараларды қолға алды.
Эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында медициналық мекемелерде қосымша ресурстар жұмылдырылды:
• Науқастардың шақыруларына жедел қызмет көрсету үшін 93 қосымша телефон нөмірі іске қосылды.
• 69 автокөлік қосымша қызметке тартылды.
• ЖРВИ және тұмаумен ауырған науқастарға арналған 417 төсек-орын дайындалды (360 төсек жұқпалы аурулар ауруханасында, 27 орын қалалық балалар ауруханасында, 30 орын облыстық балалар ауруханасында).
Тұмау емес вирустардың таралуына қатысты зерттеулер бойынша 46 жағдайдың 21-інде оң нәтиже анықталды. Оның ішінде парагрипп – 4, респираторлық синцитиалдық вирус (РС-вирус) – 5, риновирус – 8, аденовирус – 2, COVID-19 – 2 жағдай.
Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін семинарлар өткізіліп, барлығы 368 медицина қызметкері оқытылды. Бұл мамандар эпидемиялық маусымда инфекциялардың алдын алуға және емдеуге дайындықтарын күшейтті.
Эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.