Шекара асып Шымкентке ем іздеп келгендердің басым бөлігіне №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалды.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласы медициналық туризмді дамыту бағытында жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық көмек көрсететін алдыңғы қатарлы қалаға айналып келеді. Өткен, 2024 жылы шет елден мегаполиске 100-ден аса адам ем іздеп келген.
Шекара асып Шымкентке ем іздеп келгендердің басым бөлігіне №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалды. Науқастар Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Швейцариядан келгендер. Аталған ауруханада Ресей және басқа да елдерден келіп, жоғары мамандандырылған медициналық көмек алды. Барлық операциялар ерекше күрделі санатқа жатады және тәжірибелі дәрігерлердің жоғары кәсібилігі мен шеберлігінің арқасында сәтті аяқталды.
Сондай-ақ №1 қалалық ауруханада Қытай, Өзбекстан, Ресейден келген науқастарға күрделі ота жасалып, емдеу-диагностикалық тексерулері жасалған. Жалпы №1 ауруханаға еліміздің өзге қалаларынан келген 500-ге жуық науқасқа ем жүргізілді.
Шымкент қаласындағы диагностикалық орталық медициналық туризмді амбулаториялық-емханадлық деңгейде жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды кәсіби бейінді мамандардың қолдануы арқылы мамандандырылған медициналық көмек көрсетумен дамытып келеді. Мекеме Орталық Азия, Еуропа, Ресей, АҚШ елдерінен келген науқастарға денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды және халықаралық зертханалық ИСО СТ РК 15-189 стандарттарын ендіру жолымен сапалы қызмет көрсетуде. 2024 жылы мекемеде 50-дан астам шетел азаматтарына консультативтік-диагностикалық атап айтқанда, зертханалық, радиологиялық, эндоскопиялық қызметтер көрсетілді.
Жыл сайын шетелдерден консультативтік-диагностикалық қызметтерге жүгінетін азаматтар саны 10-15 адамға артып отыр.
Диагностикалық орталық медициналық қызмет көрсетуде заманауи жоғарытехнологиялық МРТ, КТ, видеоэндоскопиялық және премиум класты ультрадыбыстық аппараттар секілді медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ «Шымкент жүрек орталығы» шетелдік серіктестерімен ынтымақтастық және медициналық туризм саласында белсенді жұмыс істеп жатыр. 2024 жылы емдеу мекемесінде АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікістан елінен келген азаматтарға жоғары технологиялық оталар жасалған.