Қалада 11 қолайсыз елді мекенде кене залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу көзделуде.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында санитарлық қорғау жұмыстары күшейтілуде.
Ағымдағы жылы, 31 наурызда Шымкент қаласында кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар Түркістан облысы бойынша ҚР ДСМ «ҰСО» ШЖҚ РМК-ның дезинфекция орталығы мен қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасы тарапынан ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, қалада 11 қолайсыз елді мекенде кене залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Сонымен қатар, жеке меншік қожалықтарда да кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарын жүргізу міндеті қойылған. Бұл ретте, малдары мен қора-жайлары бар тұрғындар өз қаражаты есебінен қи-қоқыстарды шығарып, шұғыл түрде дезинсекция жұмыстарын жүргізуге міндетті. Қала аумағындағы санитарлық тазарту жұмыстарының бұзылуы, әсіресе көшеге шығарылған қоқыстар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. 2024 жылы осыған байланысты 2931 құқық бұзушылық тіркеліп, жалпы 1 миллион 310 мың 660 теңге айыппұл салынған.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылық қызметкерлері мен омарташыларға арнайы ескертпе жасалып, залалсыздандыру жүргізілген кезде араларды қорғау шараларын қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтылды. Жалпы, КҚГҚ ауруының алдын алу үшін халыққа үнемі санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындары мен шаруашылық иелеріне өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кенелерге қарсы шараларды уақытында орындау қажет.