Шымкент қаласында су тасқыны қаупіне қарсы дайындық тұрақты бақылауда

0
280


Шымкент қаласында  су тасқыны қаупіне қарсы дайындық тұрақты бақылауда

Шымкент қаласында 2025 жылға арналған су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін қалалық әкімдік Төтенше жағдайлар Департаментімен бірлесе отырып бірқатар алдын алу іс-шараларын өткізуде.

Бұл туралы Шымкент қаласы ТЖД бастығы Қ.Базарбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Айтуынша, су тасқынына қарсы іс-шаралар Жол картасы шеңберінде 6 елді мекенде Бадам өзенінің 9 шақырым арнасын түзету және жағалауды нығайту жүргізілді, оған 5,1 млрд теңге бөлінді. Жол картасының 10 іс-шарасының 8-і іске асырылды, 2 іс-шара бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда, қала әкімінің қолдауымен ағымдағы жылы тағы 5 учаскіде 8,5 шақырым жерге Бадам өзеніне және 1 учаскіде 1,5 шақырымды құрайтын Сайрам су өзеніне жағалауды нығайту жұмыстары жоспарланған.
Қар еру салдарынан болатын су тасудың алдын алу мақсатында қауіпсіз жерге 86,5 мың текше метр қар шығарылды (2024ж.-31 мың., 2025ж.-55,5 мың). 27 учаскеде 54 шақырымнан астам ирригациялық жүйелер орнатылды. 10 мың қап және 24 мың тоннадан астам инертті материалдар дайындалды. Инженерлік жұмыстар жоспары бойынша көзделген 27 іс-шараның 24-і (немесе 88%) орындалды, ал 3 іс-шара бойынша ағымдағы жылы жұмыстар жүргізілетін болады. Ұзындығы 161 шақырым (жалпы ұзындығы 267,1 км)
27 канал (барлығы 34) қоқыстан тазартылды.
Сондай-ақ магистральдық көшелерде ұзындығы 702 шақырым және орамішілік көшелерде 586 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланған. Қалалық әкімдіктің қолауымен 12 бірлік су сору құралдары және бір қайық сатып алынды. Сондай-ақ республикалық бюджеттен 302 су өткізбейтін костюм алынған.
«Көктем–2025» республикалық командалық-штабтық жаттығу шеңберінде 9 нүктеде су тасқынына қарсы практикалық іс-шаралар өткізілді. Су тасқынына байланысты төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін Департаменттің 160 жеке құрамы, 20 техникасы, 8 қайық және 57 мотопомпалар дайындықта.
Бұдан бөлек, Департаменттен басқа өңірлерге көмекке жіберу үшін 3 эшелон топтамалары дайындалды (93 қызметкер, әртүрлі мақсаттағы 17 техника, 3 жүзу құралдары және 26 мотопомпалар), - деді Шымкент қаласы ТЖД бастығы Қ.Базарбаев.
Бөлісу