Танымал спорт комментаторы Ермұхаммед Мәулен Шымкенттің Қажымұқан атындағы орталық стадионын қайта қалпынау келтіру жұмыстарына жұмсалатын 44-45 миллион еуроға екі су жаңа екі стадион салуға болатынын айтқан болатын.
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов орталық стадионды қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалатын қаржыға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл жөнінде "Керуендер қайта оралуда" деген ұранмен Шымкент қаласында өткен Silkway Shymkent Summit ауқымды инвестициялық-кәсіпкерлік форумында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов айтып өтті.
"Білесіз бе, бір жерде миллиардқа салса, енді бір жерде 600 миллионға салған. Қазан қаласында 250 миллионға, Екатеринбург қаласында да үлкен қаржыға салған. Сондықтан, 5 миллионға да, 10 миллионға да стадион салуға болады. Бірақ, мамандар біздің Қажымұқан атындағы орталық стадионды зерттеген кезде, оның сейсмикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, шамамен осыншама қаржы қажет деген пікір білдіріп отыр. Біз әлі де кей жерлерін қарап көреміз. Және де бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынатын жоба. Инвестор мұнда 70 пайыз өз ақшасын салатын болады. Біз сол үшін ғана келісіп отырмыз. Бұл стадион бізге қажет. Біздің өз футбол командамыз бар. Қазір Қазақстан біріншілігінде жаман келе жатқан жоқ. 20 мың отыратын орны бар бұл нысанда футболдан өзге түрлі концерттік бағдарламалар қоюға болады", - дейді қала басшысы.
Десе де, Әбдірахымов айтқан Ресейдің Қазан қаласындағы "Қазан Аренаның" көлемі Шымкенттің орталық стадионымен салыстыруға келмейді. Өйткені, Татарстан астанасындағы алаң - 45 мың орындық. Яғни, Шымкенттегі орталық стадионнан шамамен екі есеге үлкен. Әбдірахымов айтқан Екатеринбург қаласындағы алаңның сыйымдылығы 35 мың орын екен.
Бұған дейін елімізге танымал спорт комментаторы Ермұхаммед Мәулен, Шымкенттің Қажымұқан атындағы орталық стадионын қайта қалпынау келтіру жұмыстарына жұмсалатын 44-45 миллион еуроға екі су жаңа екі стадион салуға болатынын айтқан еді.