​Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасы дағдарыс жағдайының сценарийлерін пысықтады

0
288


​Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасы дағдарыс жағдайының сценарийлерін пысықтады

Әкімдік пен республикалық маңызы бар қаланың аумақтық қорғаныс бригадасында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың басшылығымен командалық-штабтық жұмылдыру жаттығулары өтті.

Аталмыш шараны Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Машықтану барысында қаланың стратегиялық маңызды объектілерін күзету және қорғау мәселелері жөнінде бригаданың басшылық құрамының білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіруге жіті назар аударылды.
Жаттығу басшылығы аумақтық әскерлердің дағдарыстық жағдай туындаған кезде шапшаң әрекет етуде дайындықтың маңызды екенін атап өтті.
– Жаттығу екі кезеңде өткізілді. Біріншісінде бригаданы жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру және қорғаныс істері жөніндегі департаментімен үйлестіру мәселелеріне қатысты іс-қимылдар пысықталды. Екіншісінде – әскери жағдай енгізілгенде күш құрылымдарымен бірге стратегиялық маңызы бар объектілерді қорғау жүзеге асырылды, – деп түсіндіріп өтті аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов.
Шараның қорытындысы бойынша Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеке құрам жауынгерлік және моральдық-психологиялық даярлықтың жоғары деңгейін көрсетіп, берілген тапсырманы толық орындағанын атап өтті.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі
Бөлісу