2022 жылға бюджет көлемі 573,7 млрд. теңгені құрады.
Шымкент мегаполис болғалы бюджет көлемі 4 есеге артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Президент жанындағы орталық коммуникациялық қызмет алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
2022 жылға бюджет көлемі 573,7 млрд. теңгені құрады. Оның 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 21 пайызы даму жобаларына бөлініп отыр. Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қаладағы біршама өзекті мәселелер шешімін табуда.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласының экономикасына тартылатын тікелей инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Шымкент қаласы экономикаға тартылған инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы жылдың 5 айында қалаға 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде шаһар экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды.
Қала әкімінің айтуынша, инвестиция негізінен құрылыс және өнеркәсіп салаларына бағытталып жатыр. Мәселен өнеркәсіп секторында 16 инвестжоба іске асырылмақ. Жалпы құны 52 миллиард теңгелік бұл жобалар жаңадан 1 мың тұрақты орнын құру көзделуде. Мұнан бөлек Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.