Аталған іс-шараны АМАНАТ партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.
Шымкент қаласында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында «Карлскрона» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған іс-шараны АМАНАТ партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев, Наргиза Керімбаева Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістер, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін көтеру жөніндегі негізгі басымдықтарды атап берді.
– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді мәслихат депутаты Т.Балтабаев.
«Карлскрона» ЖШС-і сорғы жабдықтары мен құбыр арматуралары өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Мекеме басшылары бүгінде өндірісті кеңейту жобаларын қолға алған. Кездесуде кәсіпорын жұмысшылары өз ұсыныстарын айтты.
Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев №106 мектеп мұғалімдерімен кездесіп, Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Қайнар бұлақ тұрғын алабында өткен жиында халық қалаулысы Президенттің Жолдауындағы бастамалар халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететінін айтты.
Аталған білім мекемесінің ұстаздары да Жолдауды жылы қабылдағанын, Президенттің әр бастамасына үмітпен қарайтынын жеткізді. Жиын барысында Қайнар бұлақ тұрғын алабының инфрақұрылымы, мектепте қосымша білім мен үйірмелер үшін орын тапшылығы, балабақша және демалыс аймақтарын салу мәселесі талқыланды.
Мәслихат депутаты Т.Балтабаев ұстаздар көтерген мәселе жөнінде тиісті басқарма мен аудан әкіміне депутаттық сауал жолдауға, әр айда халықпен жиі кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беруге уәде берді.