​ШЫМКЕНТ: кәсіпкерлер палатасында қызылшаға қатысты сақтық шаралары түсіндірілді

0
981

Жиында медициналық-әлеуметтік тұрғыдан сақтандырылмаған азаматтарды қамту мәселесі де көтерілді.


​ШЫМКЕНТ: кәсіпкерлер палатасында қызылшаға қатысты сақтық шаралары түсіндірілді

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Денсаулық сақтау саласы кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кеңес төрағасы Бекайдар Нұрмашевтың модераторлығымен өткен жиынға Палата директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев, Шымкент қалалық санитарлық-экпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова және жекеменшік емханалардың басшылары қатысты.

Кеңес отырысында қазіргі таңдағы эпидемиологиялық ахуал, оның ішінде қызылша дертіне қатысты санитарлық жағдай талқыланды. Жауапты мамандар дерттің алдын алу мен одан сақтану, емделу жолдарын түсіндірді.
«Өздеріңізге белгілі, соңғы айларда қызылша ауруына қатысты жағдай тұрақсыз болып тұр. Жылдың басынан бері 31 қазанға дейінгі мәлімет бойынша Шымкент қаласында қызылшаның диагнозы 2146 жағдайда расталған. Науқастардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 80 пайыздан асады. Осыған орай емхана қызметкерлеріне, білім беру ұйымдарының басшыларына айтқымыз келетіні – кез келген баладан жұқпалы дерттің белгілері көрінген жағдайда бірден медициналық ұйымдарға апармай, үйде оқшаулау аса маңызды. Сосын учаскелік дәрігер немесе жедел жәрдем шақырып, диагноз расталса, емдеу шараларын алуға болады. Себебі, қызылша аса жұқпалы дерт болғандықтан, медициналық ұйымдардың өздері де көпшілік орындар саналады, ол жақта басқа адамдарға жұғу қаупі жоғары. Сонымен қатар мемлекеттік емханаларда да, жекеменшік ұйымдарда да сүзгі кабинеттері болуы тиіс деп кеңес береміз», – деді санитарлық-экпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Мамандар жұқпалы дерттердің, оның ішінде қызылшаның алдын алудың тиімді жолы – екпе салу екенін кезекті рет еске салды. Бүгінде Шымкентке вакцинаның қосымша дозалары жеткізілген.
«Шымкент қаласындағы жеке клиникалар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Әнуарбек Маймақов қазіргідей жұқпалы ауруларға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұрған кезде науқастар алысқа бармай, меншік түріне қарамастан, өздерінің тұрғылықты жерлеріне қарасты емханаларда емделуі керек деген ұсынысын айтты. Бұл бағытта қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Жиында медициналық-әлеуметтік тұрғыдан сақтандырылмаған азаматтарды қамту мәселесі де көтерілді.
Денсаулық сақтау саласы кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұрмашевтың айтуынша, Шымкенттегі емханалардың 60 пайыздан астамы – жекеменшік. Бекайдар Қалдыбайұлы осы орайда жекеменшік медициналық ұйымдардың басшыларын қауымдастыққа мүше болуға, денсаулық сақтау кеңесі мен кәсіпкерлер палатасымен бірге жұмыс істеуге шақырды.