Шымкент қаласында мемлекеттік грант арқылы кәсіп бастап, өз-өзін жұмыспен қамтушылар қатары артып келеді.
Қала тұрғыны, көпбалалы ана Гүлзада Авалбекова мемлекеттен 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қайтарымсыз грант алып, кәсіби тігін шеберханасын ашты. Тігіншілікке бала кезінен қызыққан ол арнайы білім алып, тігінші-пішуші мамандығын меңгерген.
2024 жылдың алғашқы легінде ол “көпбалалы ана” санатымен бизнес-жоба ұсынып, Еңбек.кз порталы арқылы өтінім берген. Бұл – оның грантқа жасаған бесінші талпынысы еді.
–Үйде тұрмыстық тігін машиналарымен жұмыс істеп жүрдім, бірақ олармен көп көлемде өнім шығару мүмкін болмады. Жобамды комиссияға таныстырып, тәжірибемді бөлістім. Кейіннен 400 АЕК көлеміндегі грант берілгені туралы хабарлама алдым. Бұл – бала күнгі арманым болатын. Қазір барлық қажетті өндірістік тігін құрылғыларым бар, – дейді кәсіпкер ана.
Қазіргі уақытта Гүлзада Авалбекова шапан, балалар киімі мен орамал сынды өнімдерді тігіп, оларды базар мен әлеуметтік желілер арқылы сатылымға шығарып, табыс тауып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылы Шымкент қаласында 428 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған. Қайтарымсыз грантқа үміткер болу үшін азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алушы, көпбалалы ана (ең үлкен баласы 23 жастан аспаған және студент болуы тиіс), асыраушысынан айырылғаны жөнінде әлеуметтік төлем алушы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші, “Қандас” мәртебесі бар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар немесе жұмыссыз ретінде тіркелген санаттардың біріне жатуы қажет.