ШЫМКЕНТ: Құрсайлық 40 мыңнан астам тұрғын таяуда сапалы ауыз сумен қамтылады

0
528

2-кезеңде тартылатын су жүйесінің жалпы ұзындығы 151 шақырымды құрайды, құрылыс жұмыстарының 92% орындалды.


ШЫМКЕНТ: Құрсайлық 40 мыңнан астам тұрғын таяуда сапалы ауыз сумен қамтылады

Бүгін Шымкент қаласының басшысы Мұрат Әйтенов Құрсай шағын ауданы инфрақұрылым жұмыстарының құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

7 560-тан астам тұрғыны бар аумақты сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2 кезеңмен атқарылуда.

1-кезеңде 185,5 шақырымға су құбыры тартылып, бітуге жақын. Нәтижесінде 4 900 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал 2-кезеңде тартылатын су жүйесінің жалпы ұзындығы 151 шақырымды құрайды, құрылыс жұмыстарының 92% орындалды. Қараша айында 3 436 абонент, немесе жыл соңына дейін барлығы 41 680 тұрғын таза суға қол жеткізетін болады.

Құрсай шағын ауданы электр жарығымен 100% қамтылған. Дегенмен қуат көзінің сапасын арттыру мақсатында 110/35/10 кв электр желілерін тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, тағы 600 үй сапалы электр жарығына қосылады.

Бірінші талаптың сапа, одан соң әр істің мерзімінен кешіктірілмей ел игілігіне берілуіне тоқталған қала басшысы, іске жауапкершілікпен қарауды еске салды.

Бұдан бөлек, 2021 жылы Құрсай шағын ауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында мобильді операторлармен базалық станция орнату үшін тиісті келісімдер жасалынған болатын. Бүгінге дейін, Құрсай шағын ауданына «Кар-Тел» компаниясы тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы Жылысай көше маңына базалық станция орнатылды.

Сонымен қатар, жеке инвестормен келісім жасасып, №49 мектептің маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылды. Бүгінде аталған құрылғыға мобильді байланыс операторларының базалық станциясын қондыру ғана қалды. Тиісті жұмыстар 1 ай көлемінде атқарылса, шағын аудан сапалы интернетпен қамтылады. Одан бөлек шағын ауданды жеке инвестор қаражаты есебінен талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан шағын ауданды сапалы интернетпен қамтуға қажетті құрал жабдықтар алынған.