ШЫМКЕНТ: М.Әуезов университетінің 80 жылдығы аталып өтті

0
2 387

Университет бүгінде терең тарихы қалыптасқан, білікті кадрлардың шеберханасына әрі ғылым ордасына айналып отыр.


ШЫМКЕНТ: М.Әуезов университетінің 80 жылдығы аталып өтті
Биыл еліміздегі іргелі көпсалалы жоғары оқу орны – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне - 80 жыл, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Бүгін мерейтойға арналған салтанатты жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мерекелік іс шараға
келген қонақтар Нидерландтан арнайы келген Мұхтар Әуезовтің
немересі Зифа Әуезованы салтанатпен қарсы алып, заңғар жазушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Университет бүгінде терең тарихы қалыптасқан, білікті кадрлардың шеберханасына әрі ғылым ордасына айналып отыр. Сонау сұрапыл соғыста - 1943 жылы ашылған институтта алғашқыда 2 факультет пен 7 кафедра болған.Соған қарамастан соғыстан кейінгі жылдары өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге оң ықпал етіп, Шымкент экономикасын қалпына келтіруде маңызды рөл атқарды. Қара шаңырақ қабырғасында әр жылдары білім алған талай тұлғалар еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында қызмет етуде.

Ғылым мен техникасы дамыған дәуірдің көшіне ілескен заманауи оқу ордасында қазір 28 мыңға жуық студент білім алуда. Болашақ мамандарға 2 мыңға тарта оқытушы-профессор, оның ішінде 15 академик, 85 ғылым докторы, 500 ғылым кандидаты, 100-ден астам PhD докторы, 169 магистр ғалымы, өнеркәсіптерден шақырылған 453 қызметкер білім беруде.

"Университет түрлі халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие болып жүр. Ал, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінің қорытындысы бойынша 2 орынды иеленіп отыр.
Осының барлығы Әуезов университетінің отандық ғылымды дамыту және экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету әлеуетіне ие екенін паш етуде. Сіздерді қарашаңырақ оқу ордасының айтулы мерейтойымен құттықтаймын!
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, Әділетті Қазақстанның іргесін бекіте түсетін адал да парасатты азаматтарды, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қоса беріңіздер", - деді қала әкімі.

Мерейтой аясында «Білім, ғылым және инновациялар» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Сондай-ақ дәрісханалар мен ғылыми зертханалар ашылып, мерекелік концертпен қорытындыланды.