«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы филиалының директоры Ляззат Алимова барлық медициналық ұйым басшыларымен кездесіп, 2025 жылға арналған медициналық қызметтерді сатып алу рәсімдерінің қорытындылары және мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістер жайлы түсіндірді.
Қор тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Қор филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова баяндағанындай, былтыр медициналық ұйымдарда 300 мыңнан астам ақау анықталып, 1,9 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің басым көпшілігі халыққа консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде орын алған.
Сонымен қатар, 2024 жылы емдеу мекемелерінің қызмет сапасына қатысты 1500-ға жуық арыз-шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі секілді мәселелерге қатысты.
Бас қосуда сапалы қызмет көрсетіп, пациенттердің шағымдарын азайту мақсатында ішкі аудит қызметінің жұмысын күшейту және репутациялық менеджментті дамытуға ерекше назар аударылды. Қор филиалы басшылығының айтуынша, медициналық қызмет көрсетуші ұйымдар санының артуы мен бәсекелестіктің күшеюі қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.