Шымкент: Оқушыдан COVID-19 анықталса, мектеп карантинге жабылады

0
2 394

Дезинфекциялардың оқушы денсаулығына ешқандай әсері жоқ.


Шымкент: Оқушыдан COVID-19 анықталса, мектеп карантинге жабылады

Парламент Мәжілісі мен ҚР мәслихаттарына сайлау өткізу үшін Шымкент қаласында 151 мектеп пен 35 балабақшада сайлау учаскелері ұйымдастырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сайлау аяқталғаннан кейін барлық нысандарда дезинфекция жасалды. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Түлебаев мәлімдеді.

- Сайлау учаскелерінің бәрінде 100% санитарлық талаптар сақталды. Сайлау аяқталғаннан кейін білім нысандарына мекеме басшылары талапынан толық дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Залалсыздандыру шаралары кеше 22:00-де басталып, таңғы 04:00-де толық аяқталды. Дезинфекциялардың оқушы денсаулығына ешқандай әсері жоқ. Дезинфекциялық құралдардың бәрі тексерістен өткен, санитарлық талаптарға сай, - деді Әбіманап Қошқарұлы.

Бүгінгі таңда қала мектептері 2020-2021 оқу үдерісінің 3 тоқсанын өткізуге дайын. Шымкент қаласы білім басқармасының алдын ала мәліметтері бойынша 1-5 сынып офлайн режимінде 78 883 бала, 9 сынып-13243, 11 сынып-7582 оқушы оқиды. Ал мектептегі оқушыдан коронавирус анықталса, мектеп толықтай карантинге жабылады.

- Бүгін оқушылар оқу жылының III тоқсанын бастады. Осы уақытқа дейін онлайн оқып жүрген оқушылардан вирус белгілері анықталған еді. Ал кезекші сынып оқушыларынан короновирус жұқтырғандар тіркелмеген. Ал офлайнда оқып жүрген оқушылардан COVID-19 анықталса, мектеп карантинге жабылады. Балалардың білім алуы онлайнға өтіп, мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істейтін болады, - деді департамент басшысы.

1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкентте 107 адамнан короновирус анықталды. Бүгінгі таңда қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Десе де, бұл ковидтен төнген қауіп сейілді деген сөз емес. Медицина мамандары санитарлық талаптарды қатаң сақтап, бетперде тағып, антисептикті тұрақты қолдану керектігін ескертеді.