​ШЫМКЕНТ: оңалту мен шығармашылық мекені

0
150


​ШЫМКЕНТ: оңалту мен шығармашылық мекені

Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет көрсету басқармасына қарасты №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 2024 жылы 569 мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды.

Қызмет алушылардың ерекшеліктеріне қарай орталық мамандары – дәрігерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер – әр азаматпен жеке және топтық жұмыстар жүргізді. 569 адамның 287-сі (50,4%) тірек-қимыл аппараты бұзылғандар болса, 79-ы (13,9%) қол арбамен қозғалады, ал 203 адам (35,7%) өз-өзіне қызмет көрсете алатын санатқа жатады.
Орталық мамандары жүргізген емдік іс-шаралардың нәтижесінде 78,5% азаматтардың қозғалу функциялары қалпына келіп, әлеуметтік ортаға бейімделу көрсеткіштері жақсарды.
Мысалы, қызмет алушы Умаров Бақытжан емдік дене шынықтыру әдістерін қолдану арқылы оң нәтижелерге қол жеткізді. Соколова Лидия Викторовна реабилитация барысында 19 күнде қимыл белсенділігін арттырып, өз бетінше жаттығуларды орындай алатын деңгейге жетті.
Қызмет алушылардың физикалық және психологиялық саулығын жақсарту мақсатында спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. «Шынықсаң – шымыр боласың», «Спорт – денсаулық кепілі» және «Ұлттық спорт ойындары» сияқты спорттық сайыстар дене қозғалысын жетілдіруге ықпал етті.
Еңбек терапиясы аясында қызмет алушыларға тігін машиналарын пайдалану, қол моторикасын дамыту және моншақтан бұйымдар жасау үйретілді. Нәтижесінде, 16 адам жасаған бұйымдарын саудаға шығарып, табыс көзіне айналдырды.
Дәрігерлер әр азаматтың диагнозына сәйкес жеке жұмыс жоспарын жасап, физиотерапиялық ем, массаж, тұзды ванна, парафин және фитошайлар сынды емдік шараларды қолданды. Бұл жұмыстардың 98,7%-ы оң нәтиже көрсетті.
Орталық заманауи талаптарға сай бейімделіп, қызмет алушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Аумақ пен ғимараттың инфрақұрылымы мүгедектігі бар адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған.
Бөлісу