ШЫМКЕНТ: отбасын қолдау орталығы мыңдаған шаңыраққа тірек болып отыр

0
27

Жаңа жүйе отбасындағы дағдарысты дер кезінде анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ана мен бала құқығын қорғауға жол ашты.


ШЫМКЕНТ: отбасын қолдау орталығы мыңдаған шаңыраққа тірек болып отыр

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ биыл FSM Social ақпараттық жүйесі негізінде жұмысын бастады. Бұл жүйе дағдарысқа тап болған жанұялардың мәселелерін жедел анықтап, оларға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер органдары мен пробация қызметкерлерінен құралған мобильді топ жасақталып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған топта 200-ден астам маман бар. Бұған қоса, министрлік тарапынан 552 маман арнайы оқудан өтті. Қазіргі таңда FSM Social жүйесінде 242 мемлекеттік мекемеден 1 310 қызметкер тіркеліп, белсенді жұмыс істеуде.
Жоба іске қосылған 8 ай ішінде орталық 6 917 отбасына 10 501 қызмет көрсетті. Оның ішінде 2 304 отбасы FSM Social арқылы тіркелген. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған 455 отбасы жөнінде мемлекеттік мекемелерден хабарламалар түсті.
Жалпы базаға 2 220 дерек енгізілді. Оның ішінде 1 849 отбасы орталыққа тікелей келіп, кеңес алған. Ал 455 отбасы мемлекеттік мекемелерге FSM Social арқылы жүгінген. Бүгінде олардың 203-іне нақты көмек көрсетілсе, 152 отбасына қатысты жұмыстар әлі де жүргізілуде.
Жаңа жүйе отбасындағы дағдарысты дер кезінде анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ана мен бала құқығын қорғауға жол ашты. Дегенмен, мұндай күрделі мәселелерді толық шешу үшін жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту және мамандардың кәсіби деңгейін көтеру қажет. Тек сонда ғана жүйе нақты нәтижеге қол жеткізіп, отбасының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Бөлісу