​ШЫМКЕНТ: "Рухани жаңғыру" аясында қазақ тіліне аударылған 30 жаңа оқулық таныстырылды

0
2 085

«Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры аударып ұсынған кезекті 30 оқулық Шымкентке жетті.


​ШЫМКЕНТ:

Бүгін Шымкентке «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 11520 дана кітап әкелінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры аударып ұсынған кезекті 30 оқулықтың әрқайсысынан 384 дана, барлығы 11520 дана кітап әкелінді.

«Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында кезекті ретте жарық көрген оқулықтармен танысуға университеттің факультеттері мен жоғары мектеп декандары, жетекші оқытушылары «Елбасытану» орталығына жиналып, жаңа келген 30 оқулықты оқу үдерісіне енгізу туралы ойларын ортаға салды.

Жаңа 30 оқулықтың негізгі мазмұны және бағыт-бағдарымен университеттің Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова таныстырды.

Гүлнар Әмірбайқызының айтуынша, аталған оқу орнында елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа оқулықтарды енгізудің нақты алгоритмі жасалған. Нәтижесінде, өткен 2018-2019 оқу жылының барысында университет студенттері алғашқы шыққан 19 оқулықтың мазмұнын толық меңгеріп, жаңа білім нәрімен сусындады.