Бүгін Шымкент қаласының халықаралық әуежайында ІХ қысқы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін күтіп алу рәсімі өтті.
Арнайы шара жаңа салынған терминалда ұйымдастырылып, спортшыларды туған-туыстары, достары, жанкүйерлері, сондай-ақ қала әкімдігінің өкілдері мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде қарсы алды. Күтіп алу рәсіміне Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысып, спортшыларды тарихи жеңістерімен құттықтады.
Шымкент қаласының спортшылары Ақ Азиадада жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде салды. Әсіресе, фристайл-акробатика спортынан Шерзод Хаширбаев синхронды секіруден алтын медаль еншілеп, ел спорты тарихындағы айтулы жеңістің авторы атанды. Сонымен қатар, Аяна Жолдас, Асан Асылхан және Шерзод Хаширбаев микс аралас командалық сайыста күміс жүлдеге ие болды.
Жекелей сында да шымкенттік спортшылар топ жарды. Аяна Жолдас қола жүлдеге қол жеткізсе, ол Ардана Махановамен бірге синхронды секіруде үздік үштікке енді. Тағы бір өреніміз, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған Дінмұхамед Райымқұлов синхронды секіруде төртінші орын иеленсе, жекелей сайысқа қатысқан Уланбакир Умурзаков бесінші орынға тұрақтады.
Жалпы, ІХ қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында өтуде. Байрақты бәсекеде 34 елден келген 1000-нан астам спортшы спорттың 11 түрі бойынша бақ сынауда. Қазақстан құрамасы бұл жарысқа 139 спортшы алып барды. Қазіргі таңда ұлттық құрама қоржынында 16 жүлде (3 алтын, 7 күміс, 6 қола) бар.
Шымкенттік спортшылардың бұл жетістігі – өңірде қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі.