ШЫМКЕНТ: сұйытылған газ тапшылығы тұрақтандырылуда

0
184

Қазіргі таңда Шымкентте 66 мыңнан астам автокөлік сұйытылған газбен жүреді. Көлік санының көбеюі мен өзге өңірлерден келетін транзиттік автокөліктердің артуы уақытша тапшылық туындатқан.


ШЫМКЕНТ: сұйытылған газ тапшылығы тұрақтандырылуда

Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газын (СМГ) тұтыну көлемінің артуына байланысты туындаған уақытша тапшылықты шешу бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдар кешенді шаралар қабылдауда. Қала әкімдігі тұрғындар мен кәсіпкерлерді СМГ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тәулік бойы бақылауды күшейтті.

Бұл мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбектің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Шымкент қаласы – Қазақстанда газды тұтынушылардың ішіндегі ең ірі қалалардың бірі. Қазіргі таңда қалада СМГ өткізу бойынша 44 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жалпы газ құю инфрақұрылымы:

  • 4 газ толтыру станциясы (ірі қоймалар)
  • 203 автогаз құю бекеті (АЗС)

Сәрсен Абайұлының мәліметінше, қалаға ай сайын орта есеппен 12 мың тонна сұйытылған газ қажет. Алайда, орталықтан бөлінетін көлем бұл қажеттілікті толық өтемейді. Энергетика министрлігі 2025 жылдың IV-тоқсанына арналған бөлініс бойынша қазан айында – 7 043 тонна, қосымша өтінім негізінде – 1 008 тонна, қараша айына – 8 410 тонна көлемінде СМГ бөлді.

Бөлінген көлем айлық қажеттілік – 12 мың тоннадан айтарлықтай төмен.

Қаладағы СМГ тапшылығының негізгі себептерінің бірі – газбен жүретін автокөліктер санының жылдам өсуі. Қазіргі таңда Шымкентте 66 мыңнан астам автокөлік сұйытылған газбен жүреді. Сонымен қатар, басқа өңірлерден келетін транзиттік автокөліктердің санының артуы да газға деген сұранысты күрт өсіріп, уақытша тапшылық туындатты.

Қала әкімдігі мен құзыретті орталық органдар (Энергетика министрлігі) газ тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты шараларды қолға алды.

  • Газ жеткізу кестесі: Жеткізуші компаниялармен бірлесіп, қалаға СМГ-ны үзіліссіз және уақытылы жеткізудің жаңа кестесі бекітілді.
  • Тәуліктік мониторинг: Қаладағы газ ұйымдарымен (жеке кәсіпкерлік субъектілерімен) бірлесіп, СМГ қалдықтары мен бөлінуін күнделікті мониторингтеу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындар мен кәсіпкерлерді СМГ-мен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатындағы бұл тәулік бойғы бақылау жалғасып жатыр. Қала билігі қазіргі уақытта Министрлікпен тығыз байланыста жұмыс істеп, қажетті көлемді арттыру бойынша келіссөздер жүргізуде.

Бөлісу