Тәрбиленушілердің болашақта тұрғын үймен қамту мәселесі де басты назарға алынған.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №1 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында 70 бала тәрбиеленуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған орталық 1957 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта тәрбиеленушілерге жан-жақты сапалы білім және саналы тәрбие алуына жағдай жасалынған. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған.
Сонымен қатар, компьютерлік, лингафондық-мультимедиялық кабинеттермен жасақталған орталықта балалар үшін жатын және ойын бөлмелері, 200 орындық асхана, дене шынықтыру залы, медициналық блок қажетті құрылғылармен қамтылған.
Орталықта тәрбиеленушілердің өмір сүруі мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, отбасына ұқсас үлгіде тәрбие беру және дербес өмірге дайындау — басты мақсатымыз, дейді мекеме өкілдері. Балаларды ән-биге, қолөнерге, аспаздыққа, тігін тігуге бейімдейтін үйірмелер мен түрлі спорттық секциялар, клубтар осыған дәлел. Мұнда қазір «Жас информатик» клубы жұмыс істейді. Балалар шығармашылық клубта ІТ саласының қыр-сырын меңгереді.
Тәрбиленушілердің болашақта тұрғын үймен қамту мәселесі де басты назарға алынған. Қазіргінің өзінде асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, «Отбасы Банкінен» 70 тәрбиеленушіге жеке есеп шоттар ашылған. Сондай-ақ, 2019 жылдан бері Шымкент қаласы соттарының судьялары әр 3 айдың бір күндік жалақысын тәрбиеленушілердің жеке есеп шоттарына аударып келеді.
Айта кетейік, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарына орналастыру мерзімі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрінің бұйрығында көрсетілген.
«Кәмелетке толмағандар кәмелетке толғанға дейін, отбасына тәрбиелеуге орналастыру мүмкін болмаған жағдайда оларға көмек көрсету және оларды одан әрі орналастыру мәселелерін шешу үшін 3 айдан аспайтын мерзімде өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында болады», - делінген жаңа редакцияда.