Инвестиция көлемі 41 пайызға өсті.
Үшінші мегаполисте алғаш рет 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
Шымкент қаласы өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Қала бюджеті екі есеге жуық өсіп, шамамен 244 млрд теңгеден 463 млрд теңгеге жетті.
Сондай-ақ, Шымкент тарихында алғаш рет 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүрді. Инвестиция көлемі 41 пайызға артқан.
– Президентіміз халыққа Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Қалада 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 1 млн. шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, 5 787 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды, - деді қала әкімі.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы салынған үйлер бойынша қала тарихында рекордты көрсеткішке қол жеткізілген. 2019 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық, дегенмен миллион халқы бар қала үшін бұл өте аз.
- Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жылына 3 миллион шаршы метр төңірегінде тұрғын үй беріледі. Соның есебінен, Нұр-Сұлтан қаласының өзіне тұрғын құрылысы мен инфрақұрылымына жылына 1 триллион инвестиция салынады. Оның қала экономикасына мультипликативті әсері орасан. Бұл қалаларда салынып жатқан үйлердің 80 пайыздан астамы коммерциялық үйлер, ал бізде 85 пайызы мемлекеттік үйлер. Мемлекеттік үйлер бюджеттің мүмкіндігіне тәуелді. Коммерциялық үйлер салатын компанияларды қолдамасақ, Шымкентте баспана мәселесін ешқашан шеше алмаймыз. Биыл 661 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. 5 754 пәтер халықтың игілігіне беріледі, - деді қала әкімі.