Қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекеме басшыларына сапалы жұмыс істеуді тапсырды.
Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Таскен шағын ауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтқанда, Байсал, Қызан, Сандуғаш, Айнабекұлы, Кемел, Қырмызы және №1, №2, №3 аты жоқ көшелердің жалпы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Қалада қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда.
Ал, қайта құру және құрылыс жұмыстарына тоқталар болсақ, елеулі нысандардың бірі – А-2 айналма жолы. Оның жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды және қайта құру жұмыстары 8 кезең бойынша жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір мен құрылыстың 1-ші және 3-ші кезеңдері аяқталған. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.