ШЫМКЕНТ: ​жастарды есірткі мен нашақорлықтан сақтау жолында нақты жұмыстар атқарылуда

0
362

«Нашақорлық – қоғам дерті», «Салауатты өмір – жарқын болашақ» сияқты түрлі атаумен дәрістер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда.


ШЫМКЕНТ: ​жастарды есірткі мен нашақорлықтан сақтау жолында нақты жұмыстар атқарылуда

көрнекілік үшін фото: Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі

Қазіргі заман жастары – ел болашағының тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Алайда жаһандану дәуірінде жастардың алдында көптеген әлеуметтік, психологиялық және мәдени қиындықтар тұрғаны жасырын емес. Солардың ішіндегі ең қауіптілерінің бірі – есірткіге тәуелділік және нашақорлық. Бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тағдырына әсер ететін аса күрделі мәселе. Осыған байланысты Шымкент қаласында жастарды есірткі мен нашақорлықтан сақтау бағытында жүйелі, кешенді жұмыстар қолға алынған.


Әрине, мұнда құқық қорған құрылымдарының белсенділігі жоғары рөл ойнайтындығы белгілі. Есірткімен күрес тек жазалау шараларымен шектелмейді. Құқық қорғау органдарының басты мақсаттарының бірі – жастардың есірткі заттарымен байланыс орнатуына жол бермеу. Осы бағытта Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жоспарлы түрде түрлі алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруда.

Мысалы, М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінде студенттермен кездесулер өткізіліп, оларға есірткінің зияны мен құқықтық салдары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Полицейлер жастарды өз армандарын жүзеге асыруға ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға және өз отбасылары мен қоғам үшін жауапты болуға шақырды. Бұл кездесулердің басты ерекшелігі – ашық диалог, нақты мысалдар және өмірден алынған оқиғалар арқылы әсер ету.

2024 жылдың өзінде Шымкент қаласында 754 алдын алу іс-шарасы өткізілген. Бұл көрсеткіш есірткімен күрестегі жұмыстың жүйелілігін және ауқымдылығын дәлелдейді.

Сол сияқты, білім беру мекемелеріндегі түсіндіру жұмыстарының жүйелілігі де аса маңызды болып отыр. Шымкент қаласының мектептері мен колледждерінде, жоғары оқу орындарында есірткіге қарсы бағытталған іс-шаралар белсенді жүргізілуде. Оқу орындарында «Нашақорлық – қоғам дерті», «Салауатты өмір – жарқын болашақ» сияқты түрлі атаумен дәрістер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар жастардың бойында есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастырып, олардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

«Болашақ» жоғары колледжінде өткен кездесулерде студенттерге синтетикалық есірткілердің таралу жолдары мен олардың денсаулыққа тигізетін әсері туралы кеңінен мәлімет берілді. Студенттер нақты мысалдар арқылы нашақорлықтың әлеуметтік салдарын түсініп, оның алдын алу жолдарын талқылады.

Мұнда үкіметтік емес ұйымдардың алатын үлесін де жоққа шығаруға болмайды. Есірткімен күресте мемлекеттік органдармен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың да белсенділігі аса маңызды. Шымкент қаласында бұл бағытта жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестіктер жастармен түрлі бағытта жұмыс жүргізуде. Соның бірі – «Жастар есірткіге қарсы» челленджі. Бұл бастама аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері 5000-нан астам адамды қамтыған ірі ақпараттық акция өткізді. Әлеуметтік желілер арқылы таралған бұл челлендж жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етті.

Үкіметтік емес ұйымдардың артықшылығы – олардың жастармен еркін, бейресми байланыс орната алатындығы. Бұл орайда еріктілер мен белсенді жастардың рөлі айрықша. Олар құрбы-құрдастарына өз тәжірибелері арқылы мотивация бере алады.

Ал спорт пен жиі ұйымдастырылатын мәдени шаралар - жастарды зиянды әдеттер мен бүгіннің қауіпті дерті болып отырған нашақорлықтан сақтаудың бір жолы болып отыр. Жастарды есірткіден сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі – олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау. Осы тұрғыда Шымкент қаласында түрлі спорттық жарыстар, мәдени кештер, шығармашылық байқаулар жиі өткізіліп тұрады. Бұл іс-шаралар жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстауға, өмірлік мақсаттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Полиция департаменті мен Денсаулық сақтау басқармасы бірлесе отырып ұйымдастырған «Салауатты өмір салты – менің таңдауым» атты спорттық марафон жастар арасында ерекше қолдауға ие болды. Мұндай акциялар жастарды есірткіден алыстатып қана қоймай, олардың психологиялық тұрақтылығын арттыруға сеп болады.

Ал ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердегі жұмыстар да өз нәтижесін бермей қоймаұ емес. Қазіргі таңда жастардың көп бөлігі әлеуметтік желілерде белсенді. Осыны ескере отырып, Шымкент қаласында нашақорлыққа қарсы ақпараттық жұмыстар онлайн форматта да жүргізілуде. TikTok, Instagram, Telegram сияқты платформаларда арнайы бейнероликтер, инфографикалар, мотивациялық жазбалар таратылып, жастарды салауатты өмірге баулуға бағытталған.

Мысалы, «Мен есірткіге қарсымын» флешмобы аясында жастар өз ұстанымдарын бейнежазбалар арқылы білдіріп, басқа құрбы-құрдастарын да сол бағытта ойлануға итермеледі. Бұл бастама жастардың өз ортасында үлгі бола алатын көшбасшыларын қалыптастыруға жол ашты.

Шымкент қаласында жастарды есірткі мен нашақорлықтан сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар – бұл тек бір саланың емес, бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктірген кешенді күрес. Құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдары және әрбір белсенді азамат осы игі іске өз үлесін қосып келеді.

Басты мақсат – жастарға дұрыс бағыт беру, оларды зиянды әдеттерден аулақ ұстап, олардың армандарын жүзеге асыруға жол ашу. Тек сонда ғана біз болашағы жарқын, дені сау, белсенді қоғамды қалыптастыра аламыз. Есірткімен күрес – бұл уақытша науқан емес, үздіксіз жүретін маңызды процесс. Ал ол процесс жастардың өмірін, болашағын сақтау үшін жасалуда.

Бөлісу