​Шымкентте 10 мыңнан астам науқасқа гемодиализ емі көрсетілген

0
262


​Шымкентте 10 мыңнан астам науқасқа гемодиализ емі көрсетілген

Шымкентте 700-ге жуық адам гемодиализ терапиясына тәуелді. Бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан науқастардың емі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қамтамасыз етілуде.

Қазіргі таңда қалада 8 диализ орталығы қызмет көрсетеді. Пациенттер аптасына бірнеше рет келіп 4 сағаттан ем қабылдайды. Қалада бүйректің созылмалы ауруына шалдыққан науқастарға осындай ем түрін көрсететін емдеу мекемелерінің бірі «BB NURA» диализ орталығы. Жасы жетпіске таяған Алтыгүл Нұрымбетова мұнда 14 жылдан бері гемодиализ терапиясын қабылдап келеді. Пациент жасанды бүйрек аппаратының көмегімен өмір сүру сапасының айтарлықтай жақсарғанын айтады.
Аталмыш орталықта жоғары білікті нефролог-дәрігерлер мен медбикелер жұмылдырылған және 20-дан астам жоғары сапалы германиялық гемодиафильтрация аппаратымен жабдықталған. Бүйрек гемодиализі – қан құрамындағы қажетсіз заттар мен артық сұйықты шығару әдісі. Созылмалы аурудың кесірінен бүйрек бұл қызметті атқара алмай қалады. Сондықтан науқастар арнайы аппарат арқылы қанын тазартып отыруы керек.
Гемодиализ терапиясы созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастардың өмірін ұзартудың бірден-бір жолы саналады. Жалпы былтырғы жылы Шымкент қаласындағы диализ орталықтары 10 мыңнан астам науқасқа гемодиализ терапиясын көрсеткен. Ем қабылдағандардың ішінде еліміздің басқа облыстарынан келген азаматтар да бар.
Бөлісу