Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қаралып отыр.
Шымкент қаласында 138 мың оқушы тегін тамақпен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қаралып отыр.
Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан баспасөз турында мәлімдеді.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева №132, №135 жалпы орта мектептерге барып, ондағы ыстық тамақ беру мәселесімен танысты.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұйғарымымен 2022 жыл — Балалар жылы болып бекітілді. Президент тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселесі қолға алынды. Шымкентте 138 мың оқушыны ыстық тамақпен қамту көзделген. Оның 27 мыңы әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққандар. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қаралып отыр. Жалпы, мұндай істе қоғамдық бақылаудың маңызы зор. Сондықтан әр мектепте белсенді ата-аналардың басын қосып, мектеп асханасының жұмысын бақылап, пікір қосып отыруға шақырып жатырмыз , - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Ш.Мұқан мектеп асханаларын аралау барысында бас аспаздармен тілдесті. Әрбір тамақтың тиісті нормаларға сай болуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, мектеп буфеттеріндегі бала денсаулығына аса пайдалы емес тәтті шоколадтар мен газды сусындарды шектеп, олардың орнын пайдалы заттарға алмастыру қажет екенін атап өтті.
№135 жалпы орта мектеп директоры Б. Михеевтің айтуынша, мектепте 1596 оқушы бар. Ыстық тамақпен қамтылған 1042 оқушының 751-і бастауыш сыныпта оқыса, 291-і әлеуметтік аз қамтылған 5-11 сынып оқушылары.
Баспасөз туры барысында Ш.Мұқан №135 жалпы орта мектептің белсенді ата-аналарымен, ұстаздарымен кездесті.
— Қазақ — бала тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Әрбір ата-ана «Баланың табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деген қағидамен қорғайтыны да анық. Міне, биыл «Балалар жылы» болып бекітілуі де тегін емес. Себебі, бала — біздің байлығымыз, еліміздің ертеңі, мемлекеттің басты құндылығы. Алайда, адам мен адамды теңестіретін — білім мен тәрбие. Сондықтан бала тәрбиесін мектеп ұстаздарына ысырып қоймай, ата-ана да белсенділік танытуы тиіс. Баланың өскенде қоғамға қажетті мамандықты игеріп, табысты болуында да ата-ананың рөлі зор. Мәселен, көлік жүргізушісі 3 ай, ұшқыш 3 жыл білім алады делік. Яғни, олардың табысы да алған білімінің сапасына қарай есептелетіні сөзсіз. Яғни, балаңыздың болашағы үшін бүгіннен әрекет етіңіз. Ал, мектептегі білім сапасын бақылауда әрбір ата-ананың пікірі маңызды. Себебі, қоғамдық бақылау күшейген кезде сапа да артатыны сөзсіз, -деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Баспасөз туры Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Политехникалық колледжде жалғасты.
Аталмыш білім ордасына «Жас маман» жобасы аясында «Электрмен қамтамасыз ету» және «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша оқитын студенттердің өндірістік тәжірибесін жетілдіру мақсатында құрал-жабдықтар алынған. Студенттер осы құрылғылармен жұмыс істеу барысын таныстырып, өндірістегі электр қуатын реттеу принциптерін көрсетті.