Қала басшысы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған бірінші сыныптың бүлдіршіндеріне сәттілік тілеп, оларға әліппе табыстады.
Шымкентте мемлекеттік білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді. «Тұран» шағынауданындағы жаңадан пайдалануға берілген №79 жалпы орта мектебінің мерекеге арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» атты салтанатты жиынында қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Барша ұстаздар мен шәкірттерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған қала басшысы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған бірінші сыныптың бүлдіршіндеріне сәттілік тілеп, оларға әліппе табыстады.
«Биылғы жаңа оқу жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында басталғалы отыр. Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге жетті. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп бар. Биылғы оқу жылын қала мектептері 233 879 оқушымен бастағалы отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп. Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, - деді қала әкімі өз құттықтау сөзінде.