Шымкент қаласының әкімдігі Қаржы министрлігінің келісімінсіз бағалы қағаздар басып шығарған.
Есеп комитетінің кезекті отырысында Шымкент қаласы бойынша республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу, сондай-ақ стратегиялық бағдарламалық құжаттарда көзделген мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын бағалау қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мониторинг пен бақылау жоқ
2018–2019 жылдың 1-жартыжылдығы кезеңіндегі аудит қорытындысы жүйелі кемшіліктердің бар екендігін, бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан тиісті мониторинг пен бақылаудың жоқ екендігін айғақтайды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері
Бір көзден алу тәсілімен жасалған, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар шарттар үлесінің жоғары екендігі байқалады, атап айтқанда объектілерді салу бағыты бойынша бұл көрсеткіш 63,7%-ды құрайды.
Тұрғындар пәтерлердің сапасына қанағаттанбайды
Тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларға бюджет қаражатын жоспарлау кезінде кешенді тәсіл қамтамасыз етілмеген. Мәселен, ілеспе инфрақұрылымның болмауына байланысты екі жыл бойы халықтың тұрмысы төмен топтары мен көпбалалы отбасыларға арналған жалға берілетін 10 тұрғын үй (540 пәтер) мерзімінде пайдалануға берілмеген.
Оған қоса, жобалау-сметалық құжаттаманы сапасыз әзірлеудің көптеген фактілері анықталды. Соның салдарынан жобаларды іске асыру барысында техникалық кеңестің бірнеше мәрте шығарылған шешімдерімен құрылыс жұмыстарының жобалық шешімдерге ықпал ететін көлемі алынып тасталады, бұл ретте ведомстводан тыс міндетті қайталама сараптама жүргізілмейді.
Ал, 2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген жалға берілетін тұрғын үй тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы респонденттердің 62%-і берілген пәтерлердің сапасына қанағаттанбайтынын көрсетті.
Бюджетті негізсіз пайдаланған
Сондай-ақ, Шымкент қаласының бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобаларды іске асыру барысында республикалық бюджет қаражатын сомасы 665,2 млн. теңгеге негізсіз пайдалануға әкеп соққан, орындалған жұмыс көлемі мен сапасын растаудың анықтығын қамтамасыз етпеу фактілеріне жол берген. Атап айтқанда, Шымкент қаласы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы» жобасы бойынша құны 358,3 млн. теңгеге асырылған құрал-жабдықтарды қабылдаған.
Одан бөлек, бухгалтерлік есеп жүргізу ережелерінің талаптарын бұзудың көптеген фактілері анықталды, соның нәтижесінде сомасы 155,0 млн. теңгеге ЖСҚ әзірлеу және мемлекеттік сараптама жүргізу бойынша шығыстар объектілердің жалпы құнына енгізілмеген және кейіннен пайдаланушы ұйымдардың балансына берілмеген.
Мәселе шешілмей, халықтың жағдайы нашарлаған
Ал, жолдарды күрделі жөндеу тұрғын үйлер орналасқан учаскелерде және авариялық жағдайдағы учаскелерде жүргізілген, Шымкент қаласы автомобиль жолдары басқармасы осы учаскелерде туындаған проблемаларды жоюдың орнына құрылыс жұмыстарын алып тастаған.
Осының нәтижесінде көлік желілерін жақсарту және дамыту жөніндегі мақсаттарға тиісті деңгейде қол жеткізілмеген және осы аудандарда тұратын халықтың жағдайы нашарлаған, бұл әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін.
Кәріз жүйелері пайдалануға берілмеген
Сапасыз орындалған жұмыстардың және Экологиялық кодекстің талаптарын сақтамаудың салдарынан 2018 жылы пайдалануға берілген, жалпы сомасы 1 194,4 млн. теңгеге Шымкент қаласындағы Қайтпас-2 шағынауданының кәріз жүйелерін салу және Шымкент қаласындағы Тоғыс елді мекенінің кәріз жүйелерін реконструкциялау бойынша объектілер пайдаланушы ұйымдарға берілмеген.
Электр станциялары жұмыс істемейді
2018 жылдан бастап КЛЭП-110 кВ қоректендіретін 110/10 кВ Астана-1, Астана-2 қосалқы станциялары жұмыс істемейді және пайдаланылмайды, бұл бюджет қаражатының жалпы сомасы 7 082,6 млн. теңгеге тиімсіз пайдаланылуына алып келген.
Келісімсіз 10,0 млрд. теңге бағалы қағаздар шығарған
Бюджет заңнамасын бұза отырып, 2018 жылы Шымкент қаласының әкімдігі Қаржы министрлігінің келісімінсіз сомасы 10,0 млрд. теңгеге кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға арналған бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асырған.
Ал, тартылған қарыз қаражаты «Shymkent» ӘКК» АҚ-ға бюджеттік кредит түрінде, кредит қаражатының қайтарылмау тәуекеліне әкеп соғатын, бюджет заңнамасы өрескел бұзыла отырып бөлінген.
Сонымен қатар, «Shymkent» ӘКК» АҚ кредитті пайдаланғаны үшін 1,8 млрд. теңге сомасында сыйақы төлеуден заңсыз босатылған, бұл Шымкент қаласының бюджетіне түсетін салмақты ұлғайтқан.
Енді «Shymkent» ӘКК» АҚ тұрғын үйді орташа нарықтық бағалар бойынша сатуды көздеп отыр, осыған байланысты «Бес әлеуметтік бастама» шеңберінде Елбасы белгілеген халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің өлшемшарттарына сәйкес келмейтін коммерциялық бағалармен кредиттік тұрғын үйді сату тәуекелдері орын алуы мүмкін.
Қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 985,8 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, тиімсіз жоспарлау 10 028,6 млн. теңгені құрады, сомасы 13 054,7 млн. теңгеге қаражатты тиімсіз пайдалану және рәсімдік бұзушылықтың 539 фактісі анықталды.
Комитет шешімі
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Шымкент қаласының әкіміне, ұлттық экономика, қаржы, білім және ғылым, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берді.
Ал, уәкілетті органдарға жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығын қарау үшін 119 материал жіберілді.
Сондай-ақ, жекелеген бұзушылықтар фактілері бойынша Есеп комитеті процестік шешім қабылдау үшін мемлекеттік аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдады.
дереккөз: Есеп комитетінің баспасөз қызметі