Шымкентте «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтті

0
635

Форумда әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қаржылық әлеуетін көтеру жайы талқыланды.


Шымкентте «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтті

Шымкент қаласында «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Форумда әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қаржылық әлеуетін көтеру жайы талқыланды. Аталған жиын «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізілді.

Форумда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Шымкент қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Баян Жандосова және Қостанай қаласынан келген еліміздің ең үздік акушер-гинекологы Гүлнара Қожагелдина баяндама жасады. Жиынды «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева ашып, жүргізді.

Біздің партия барлық саладағы әйелдердің рөліне ерекше көңіл бөледі. Бүгінде өзім жетекшілік ететін партияның Шымкент қалалық филиалы жанында 11 қоғамдық кеңес құрылып, түрлі салалар бойынша жұмыс жүргізуде. Осы кеңестің құрамында әйелдердің үлесі орасан. Жетекші партияның сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу қажеттігі заңдық тұрғыдан қаралған, - деді өз сөзінде Жанар Әлібекқызы.

Пікіралмасу форматында өткен форумда көпбалалы аналар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.Сүйлейменоваға толғандырған бірнеше сұрағын қойып, ұсынысын жеткізді.

Өзім 5 баланың анасымын. Қаладағы қоғамдық көліктерде тек «Алтын» және «Күміс» алқа иелері ғана ақысыз жүре алады. Ал, біз секілді 4-5 баласы бар аналар үшін де осындай жағдай қаралса екен. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларында 5 балалы аналар «көпбалалы аналар» санатына кіреді және көптеген әлеуметтік қолдау жобаларына қатысады. Одан кейінгі мәселе, атаулы әлеуметтік қолдау қаражаты отбасындағы бала санына қарамай берілсе деген ұсынысымыз бар. Қазір әйелдер арасында ота арқылы босанғандар өте көп. Олар тек 4 балаға дейін босана алады. Міне, осындай аналарға да «көпбалалы ана» деген мәртебе берілсе құп болар еді, - деді Айгерім Ерланқызы.

«Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әйелдерді әлеуметтік қолдау бағытында жаңа концепциясын ұсынды. Қазір құжатқа 3-4 баланы дүниеге әкелген аналардың жаңа мәртебесі туралы ұсыныстар енгізіліп жатыр. Ал, қоғамдық көліктерде ақысыз жүру мәселесі жергілікті бюджет есебінен атқарылады», - деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Досбергенқызы.

Форум барысында, ерекше кәсіпте еңбек еткен әйелдері суретке түсіріп, оларды насихаттап келген «URKER-2022» ұлттық сыйлығы аясындағы Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия иегері Әйгерім Бегімбет өзінің кейіпкерлері жөнінде баяндап берді.

Жиын соңында «Amanat» партиясының қалалық атқарушы хатшысы Ж.Бектаева партия жанынан «Әйелдер қанаты» құрылатынын жеткізді.