​Шымкентте бағаны тұрақтандыру және инфляцияны тежеу туралы 100-ден астам меморандумға қол қойылды

0
395

Бұл бастамаға «Грамад», «F-Mart» сияқты ірі сауда желілері, қаладағы азық-түлік базарлары мен ұн, ет, сүт, жұмыртқа, нан-тоқаш сияқты негізгі тағам өндірушілер, сонымен қатар, көтерме жеткізушілер де қосылды.


​Шымкентте бағаны тұрақтандыру және инфляцияны тежеу туралы 100-ден астам меморандумға қол қойылды

ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инфляцияны тежеу мақсатында қала әкімдігі мен кәсіпкерлік субъектілері арасында өзара ынтымақтастық туралы ауқымды меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер қала тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бір бөлігі болып табылады.

Бұл маңызды бастамаға қаладағы ірі сауда желілері – «Грамад», «F-Mart» сияқты компаниялар, сондай-ақ барлық азық-түлік базарлары мен негізгі тағам өнімдерін өндірушілер белсене қосылды. Меморандум аясында ұн, ет, сүт, жұмыртқа, нан-тоқаш өнімдерін өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ осы тауарларды көтерме жеткізушілер де келісімге келді.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтың айтуынша, меморандумдарға қол қою – бұл бір реттік науқандық шара емес, керісінше, әкімдік пен кәсіпкерлік қоғамдастығы бірге жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстың заңды жалғасы.

А.Кәрімов: «Бизнес өзінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп келеді, және бүгін біз тағы да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Біздің ортақ міндетіміз – қала тұрғындарын тұрақты бағамен, ашық нарықпен және негізгі өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету. Мұндай келісімдер нақты әсер беріп, азық-түлік нарығындағы кез келген құбылысты дер кезінде бақылауға, талдауға және әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді.

Айта кетерлігі, бұл меморандумдарға 100-ден астам кәсіпкерлік субъектісі қол қойды. Тараптар келісімшарт аясында делдалдық тізбектерді қысқарту, бағаны негізсіз өсірмеу және жалпы инфляцияны төмендетуге бағытталған бастамаларды бірге атқаруға келісті.

Бұл маңызды қадам Шымкент қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын нығайту бойынша жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болып отыр. Қала әкімдігі бағаларға күнделікті мониторинг жүргізіп, нарықтағы жағдайды кәсіпкерлермен бірлесіп тұрақты бақылауда ұстайды.