Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды.
Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Күн тәртібінде Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.
Айта кетейік, Шымкент қаласының жаңа бас жоспарымен 5 күнде 400-ге жуық адам танысты, ал 30 тұрғын жазбаша ұсыныс қалдырған. Ол талап-тілектерді мамандар қарап, тиістісі ескерілетін болады. Бас жоспар 21 маусымнан бастап бір ай көпшілік талқылауына ұсынылып отыр. Кез келген шымкенттік тұрғын құжатпен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады.
Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі басқаша еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал жаңа бас жоспар қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспарын қамтиды. Бұл құжаттың ерекшелігі сол – қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінді.