Шымкентте биыл 13 мектеп пайдалануға беріледі

0
485

Алдағы бес жылда 72 мектеп салынады.


Шымкентте биыл 13 мектеп пайдалануға беріледі

Шымкент қаласында алдағы бес жылда қала шағын аудандары мен тұрғын алаптарында 72 мектеп салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бірінші жартыжылдықта Шымкент қаласының экономикасында оң даму динамикасы қамтамасыз етілді. Оның ішінде адами капиталдың сапасын арттыруға басымдық берілді.
Адами капиталдың өсуі шеңберінде Шымкент қаласындағы білім саласындағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Қазіргі кезде қаладағы 186 мектепте 226 мыңнан астам оқушы бар. Оның ішінде 14 мектеп үш ауысымды болса, 5 мектеп – ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан, тағы бір мектеп – апатты деп танылған.
Алдағы бес жылда қала шағын аудандары мен тұрғын алаптарында 72 мектеп салынады. Осы бағытта биылдың өзінде 13 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Салалық жоспар аясында жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесін алдағы бес жылда бүгінгі 55 пайыздық көрсеткіштен 85 пайызға дейінгі межеге, яғни 30 пайызға арттыру жоспарланған.
Кәсіптік білім беру саласында өндіріске қажетті мамандар даярлауды озық әдістемеге негізделген дуальды оқыту моделімен ұштастыру көзделген. Бүгінгі таңда қаламызда кәсіптік білім беру оқу орындарының 10 пайызында ғана дуальды оқыту моделі енгізілген. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 42 пайызға жететін болады.
Үш ауысымды мектептер мәселесін шешуде жаңа ғимараттар, қосымша оқу корпустарын салу жұмыстары басталды. 2023 жылға қарай бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ.
Биылғы жылы мектептерді жабдықтауға 6 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бағытталған. Қаралған қаржыға білім беру ұйымдарындағы 259 пән кабинеттері жабдықталуда. Былтырғы жылы Шымкент қаласындағы мектептерде әрбір 29 оқушыға бір компьютерден келетін болса, биыл бұл көрсеткіш әрбір төрт оқушыға бір компьютерден келетін деңгейге жеткізілді.
Жыл соңына дейін қаладағы барлық білім беру ұйымдарында полицияның бақылау жүйесіне қосылған бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылады.