2024 жылы орталық 605 адамға әлеуметтік қызмет көрсетіп, оның 357-сін жатын орынмен қамтыған.
фото: Шымкент Әлеуметтік Қорғау Басқармасы
Шымкент қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен және өмірлік қиын жағдайға тап болған аналар мен олардың балаларына уақытша паналау және қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты бұл мекеме 70 орынға лайықталған.
2024 жылы орталық 605 адамға әлеуметтік қызмет көрсетіп, оның 357-сін жатын орынмен қамтыған. Қазіргі таңда 9 ана мен 31 бала стационарлық жағдайда орталықта тұрып жатыр.
Мекеме ұжымы аналардың денсаулығына алғашқы күннен бастап жіті көңіл бөледі. Қабылдау бөлімінде медициналық тексеріс жүргізіліп, психологтармен әңгімелесу ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда полиция мен жедел жәрдем қызметі шақырылып, зорлық-зомбылық фактілері анықталады. Мамандар аналармен қатар олардың отбасындағы өзге мүшелермен – күйеу, ене, туыстарымен де жұмыс жүргізіп, отбасын сақтау жолында жан-жақты қолдау көрсетеді.
Орталықтың негізгі мақсаты – аналар мен балаларды отбасынан жырақтатпай, керісінше, отбасылық байланыстарды қалпына келтіруге ықпал ету. Көп жағдайда мамандардың көмегімен тараптар өзара түсіністікке келіп, аналар балаларымен бірге өз шаңырағына қайта оралуда.
Сонымен қатар орталықта әйелдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа кәсіп меңгеріп, өз өмірін жаңа бағытта қалыптастыруына мүмкіндік жасалған. Биыл 12 ана «Бақытты жанұя» орталығында кәсіптік курс аяқтап, сертификат алса, 16 ана тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, 8 ана тұрғын үй кезегіне тіркеліп, 8-і атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген. Жалпы 128 әйелге әлеуметтік және құқықтық қызмет көрсетілген.
Биылғы жылы орталық тарапынан түрлі форматта кеңес беру қызметі көрсетілді. Күндіз 28 адам келіп мамандардан кеңес алса, 13 адам онлайн форматта қызмет алса, сенім телефоны арқылы 40 адам хабарласып, құқықтың және психологиялық кеңес алған. Қаурыт желі: 45-03-03,
WhatsApp – 8775 450 54 33
Бұл орталық – қоғамдағы осал топтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдаудың жарқын үлгісі. Қиындыққа тап болған аналар мен олардың балаларын қорғап, өмірлерін қайта жолға қоюда аталған мекеменің рөлі айрықша.