Кездесу барсында жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында болатын өзекті мәселелер туралы айтылды.
Шымкент қаласының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері «Жаңа арна-2002» ЖШС-і, «Арт құрылыс» ЖШС-і және Тоғыс тұрғын алабындағы №120 жалпы орта мектепке 300 орындық қосымша оқу корпусын салу құрылысының жұмыскерлерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесуде ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша, санитарлық талаптарды сақтау туралы әңгіме болды.
Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші мен жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттері, еңбек шартын жасасу тәртібі, еңбек тәртіптемесі, еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу мүмкіндігін шектеу, ауысымдық жұмыстың ерекшеліктері, жұмыс беруші тарапынан болатын кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, жеке еңбек дауларын қарау сияқты жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында болатын өзекті мәселелер туралы айтылды.
Айта кетейік, қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес өткен аптада «ИнтергазОрталықАзия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасы филиалының мекеме қызметкерлеріне және ҚР Еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру бойынша кездесу өткізілген болатын.